Бүгін жетінші шақырылымдағы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он тоғызыншы сессиясы өтті. Жұртшылық алдында есеп берген өңір басшысы Даниал Ахметовтың баяндамасында атқарылған ауқымды істер жайлы кеңінен сөз болды.
Даниал Ахметов облыста сан сала бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталды. Агроөнеркәсіптік секторда жоғары пайдалы дакылдардың алкаптарын ұлғайта отырып, егістікті әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта облыста қуаты 300 мың тонна ірі май экстракциялық зауыт іске қосылды. Өскемен қаласында қуаты жылына 50 мың тонна күнбағыс майы зауыты салынуда. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, аймақ экономикасы қарқынды дамуда.
Бұдан бөлек, әлеуметтік саланы жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау саласында ана мен баланы қорғау, онкологялық аурулармен және қан айналымы жүйесі ауруларымен күрес сияқты бағыттар бойынша медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту басымдық болып қала береді. Аталмыш сала бойынша бюджеттен 38 млрд.теңге қаражат бөліну жоспарлануда. Медицина кадрларын оқыту бағдарламасын іске асыру да жалғасуда.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында облыста 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарға сай, заманауи жабдықтармен жабдықталған 8950 орындық 20 жаңа мемлекеттік мектеп салынады. Бұдан бөлек, 40 білім беру нысандарында 1 млрд теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіледі.