«Балалар жылы» аясындағы іс-шаралар легі жалғасуда. Соның бірі Өскеменде «Облыстық дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицейі» оқушыларына арналған футбол алыңының ашылуы. Ұйымдастырушылар бұқаралық спортты дамытуға арналған нысан көп өреннің сүйікті орнына айналарына сенеді. 

Облыстық дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицейі үшін бұл күн есте қалары анық. Ата-аналар, оқушылар мен ұстаздар дән риза. Себебі, бүгін көптен күткен футбол алаңы ашылды. Игі іске мұрындық болған -  «DONER» дәмханалар желісі. Мақсат – жастарды салауатты өмір салтын ұстауға баулу.

Заманауи үлгіде салынған футбол алаңымен бірге демеушілер оқушыларға арнайы спорттық формаларын да сыйлаған. 

Футбол алаңы бұқаралық спортты дамытуға ден қойып, білім мен спортты қатар алып жүруге септігін тигізбек. Алаңның салтанатты ашылу рәсімінен кейін оқушылар мен  ата-аналар арасында жолдастық турнир өтті.

Сонымен қатар, «Облыстық дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицейі» қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеге лицей оқушылары қолдан жасаған тәтті тағамдарын әкеліп саудалады.