«ҚазСтандарт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шығыс Қазақстан филиалында Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдер арасында қолданылатын техникалық регламенттердің талаптарын түсіндіру бойынша кеңес өтті. Жиынға елордадан келген «Қазақстан стандарттау және метрология институты» үйлестіру орталығының жетекші мамандары мен Еуразилық экономикалық одақ және ел аумағындағы техникалық регламенттерді өңдеушілер қатысып, баяндама жасады.

Іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, облыс аумағындағы қалалар мен көршілес Абай, Павлодар облыстары әкімдіктерінің жауапты өкілдері,  кәсіпкерлер мен басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Үйлестіру орталығының сарапшылары бірінші кезекте Металлург саябағына барып, атракциондар мен балалар ойын алаңдарының қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп өтті.  

Қазіргі уақытта техникалық регламенттердің жаңа талаптарын енгізу бойынша жобалар дайындалуда. Жуық арада бұл өзгерістер тиісті заңнамалық құжаттар түрінде көрініс тапақ. 

Өткен жылы құрылған үйлестіру орталығы сарапшыларының жұмысы ішкі нарықтағы және сыртқы сауда айналымындағы тауарлардың қауіпсіздігіне зерттеу жүргізіп, оларды оңтайлы пайдалануға байланысты бақылауды күшейтуге негізделген.  

Түрлі саладағы техникалық регламент талаптарының дұрыс сақталуын қадағалаушы мамандар тобы халық күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін де назардан тыс қалдырмаған.   

Бүгінде Кедендік одаққа мүше елдер аумағында қолданылатын техникалық регламенттерді сақтаудың 44-ші ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Соның шеңберінде өнімнің сәйкестік белгісіне қатысты талаптар жеңілдетілген. Дегенмен, мамандар әрбір тауардың қауіпсіздік көрсеткіштері мен қолданылу аясына байланысты шешімдер өзгеріссіз қалғанын алға тартады. Осы орайда кез-келген тұтынушы өнімнің сәйкестік туралы декларациясын сұрап, тауарда одақ нарығындағы айналымның бірыңғай белгісі бар ма, жоқ па екенін анықтап алып, сатып алуға құқылы екенін еске салады.