ШҚО әкімі Даниал Ахметов Марқакөл ауылына барып, онда тұрғындармен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын талқылады. Президент өзінің жолдауында адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризмді дамытуға инвестиция құю маңызды екенін атап өткен болатын. Кездесуде осы тақырыптарға екпін қойылды. 

Аймақ басшысы кездесуде тұрғындар үшін "Қазақстан халқына" қорынан ауыл мектептеріне заманауи жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінгені маңызды істердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Марқакөл шекара маңы аумақтарын дамыту бағдарламасына кіретіндіктен, бұл ауылға ерекше көңіл бөлінеді, дейді.

Қазіргі таңда Ұранхай ауылындағы мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Оқушылар екінші тоқсаннан бастап жаңа мектепте оқитын болады. Қараша айының соңына қарай Марқакөл ауылында заманауи спорттық құрал-жабдықтары бар дене шынықтыру-спорт кешені пайдалануға беріледі. Даниал Ахметов жергілікті аурухана медициналық техникамен жабдықталғанын, жақын арада кадр мәселесін қарастыратынын атап өтті.

Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып отырған бұл жолдаудың алғышарттары ауылдық елді-мекендерге жасалған нағыз игі бастаманың бірегейі. Даниал Ахметов өз сөзінде жаңашыл бизнесті ашуда гранттар бөлуге дайын екенін білдіріп, шекара маңындағы аумақтарды дамыту бағдарламасы адамдардың ауылдардан кетпеуіне, керісінше, онда жұмыс пен мүмкіндіктер бар екенін білуіне бағытталғанына тоқталды.