Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданына арнайы ат басын бұрды. Шаһар басшысы жергілікті жұртшылықты жаңа әкім Алмат Ақышевпен таныстырды. Сондай-ақ, сапар барысында жергілікті аурухана мен бірқатар нысандарды аралады. 

Ақышев Алмат Талғатұлы – Күршім ауданының тумасы. Даниал Ахметовтің айтуынша, ол арнайы басқару мектебінен өткен: экономика және туризм саласында жұмыс атқарып, облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен энергетика басқармасында төрағалық еткен, Ұлан ауданы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болған.

Мемлекеттік қызметте Алмат Ақышев 2012 жылдан бері жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда өңірдегі экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы бірқатар мәселелерді шешуге жоспар дайындалмақ. 

Сонымен қатар, Күршім аудандық ауруханасында хирургиялық бөлім күрделі жөндеуден өтті, қазіргі уақытта шетелдік клиникаларда оқыған тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істеуде. Перзентхана бөлімшесінде де қайта жөндеу белсенді жүргізілуде. Бұл тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Даниал Ахметов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына Марқакөлдегі дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды. Іс-сапар барысында Даниал Ахметов бұрын әскери комиссариат орналасқан Күршім ауылындағы мұражай ғимаратының бірінде болды. Архитектураны сақтау үшін ғимаратты қалпына келтіруге қаржы бөлінбек. Сондай-ақ, аудан орталығына кіре берістегі су арнасы арқылы өтетін көпірді жөндеуге облыстық бюджеттен қаражат бағытталмақ. Бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірге сараптамадан өткізілуде.