Ағаштың тамырлары мен істен шыққан тұрмыстық заттар бір қарағанда кімге керек дерсіз. Алайда, облыс орталығының тұрғыны Павел Кулешов бұлардың барлығын бүгінде керегіне жаратып отыр. 

93 жастағы Павел Кулешов пәтерін музейге айналдырған. Ағаштың тамырларынан сәнді бұйымдар жасап, жақындарына сыйға тартады. Көздің жауын алатын картиналары өзіндік стилімен назар аудартады. Ол шығыстың тұмса табиғатын қағаз бетіне түсіріп, көркем пейзаждарымен көпшілікті тәнті еткен. Көрмелерге де қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты.

Павел Кулешов тыл ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары ол небәрі 12 жаста болған. Сұрапыл шақтарды көргендіктен, өскелең ұрпаққа бейбіт күннің бағасын біліңдер, деп жиі айтып отырады. Кейіпкеріміз әр күнді бағалап, бос уақытты тиімді өткізуге шақырады. Қай жаста болсаңдар да, үнемі дамуды ойлаңдар, дейді. 

Қоршаған ортадан әдемілікті көре білу де - өнер. Кейіпкеріміз осы бір қасиетін 90-нан асса да әлі жоғалтпаған. Қылқаламын қолынан тастамайды. Соңғы салған суреті мына мың бояулы  картина.