Ұлан ауданында алғаш рет «Шырға тарту» сайысы өтті. Жеті қазынаның бірі, қазақ тазыларын жүгіртіп, ұлттық өнерді ұлықтады. Сайысқа 50-ден астам саятшы қатысты. Бұл жарыста жеңіске жеткен тазы Астана қаласында өтетін республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын болады.
Құмай тазы ата-бабамыздан қалған асыл мұра санатында. Қазіргі таңда ерте күннің есті өнерін насихаттау кеңінен жүргізілуде. Ұлан ауданында өткен «Шырға тарту» тазылар сайысы соның айғағы. Шараны өткізу үшін далалы жердегі кең алаң таңдалған. Ұлттық құндылыққа деген құрметі ерекше тазы баптаушылардың әрқайсы жарысқа 2-3 тазыларын әкелген.
«Ұшқан құс, жүгірген аң құтылмайды» қазақ құмайларының мықтылығын осындай теңеумен келістірген. Қазақ тазысының жылдамдығы сағатына 80 шақырым. Ит тұқымдарының ішінде тазы ең жуасы әрі өте таза. Дегенмен, еуропалық ит тұқымдарындай сәндік үшін емес, аң аулауға дағдыланған. Биіктігі жарты метрден 70 см аралығында болса, салмағы 15 келіден 35 келіге дейін болады.
Жалпы жарысқа 50 ден астам тазы түсті. «Шырға тарту» сайысында үлкен тазылар арақашықтығы 1 шақырымға, күшіктер 500 м арақашықтыққа жүгірді. Төрт топқа бөлініп, іріктеуден өткендер арасында финалдық тартыс өтті. Топтық жарыстан 1-ші орынды «Құмай» атты Қайырғазы Мейірбаевтің тазысы қанжығаға байлады. Ал, бас жүлде мен күшіктер арасындағы 1-ші орын Мансұр Қанатбекұлының «Көкқасқа» және «Көксерек» атты тазыларына бұйырды. Үздік атанған тазыларға медальдар тағылып, иелеріне кубок сыйға тартылды. Ұйымдастырушылардың ақшалай сыйлықтар берілді.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні ұлтымыздың дәстүрлі, мәдени құндылықтары биік мінбердегі емес, осындай ел қатарлы азаматтардың арқасында ұмытылмай келеді. Ұйымдастырушылардың тілегі біреу ғана – қазақ халқының болмысы жоғалмаса екен деген. Ал, болмыс ұлттық өнер, салт-санамен біте қайнасып жатыр.