Балалар жылының аясында жас оқырмандарға арналған әдебиетке көп көңіл бөлу қажеттігі айтылып келеді. Десек те, соңғы кездері жұрт қарасы баланы кітап әлеміне жетелейтін шығармалардың азайып бара жатқандығы алаңдатады деп дабыл қағуда. Жалпы облыста балалар әдебиеті жеткілікті ме? Әріптестерім анықтап көрді.
Балалар әдебиеті мен кітап оқыту қай кезде болмасын талқылаудан түспейтін мәселенің бірі. Болашақ қамын ойлау – бала қамын ойлау дейді балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушы Күлмай Сембаева. Бұған дейін он шақты кітап шығарған қаламгер аталған бағыттағы баспалар саны кітапхана сөрелерінде толып тұрғанымен, басым көбі өзге тілден аударылған аудармалар екендігін жасырмады. Бұған балалар әдебиетіне қолдау әлі де болса кенжелеп тұрғандығы себеп дейді.
Әдебиетке ерте араласқан жас қаламгерлердің бірі - Кәмшат Нұғыманова. Ол өлең ертегі және әңгіме жазады. Айтуынша, балаларға арнап шығарма жазу қиын дейді. Ә дегеннен баурап алатын бүлдіршіндер тілінде ертегі жазуға екінің бірі қалам тербемейтіні анық екендігін айтады.
Облыста балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жазушылар саусақпен санарлық. Десек те, олардың бүгінгі күнге дейін қорға жинақтаған шығармалары бар. Қор бола тұра, оның баспа бетін жарық көрмеуіне қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Қаламгерлердің ендігі үміті әдебиетке жанашыр демеушілерде.