Абай облысында 65 ауылда жаңа емхана салу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Семейде өңір жұртшылығымен кездесуінде осылай деді. Елдің бас дәрігерінің айтуынша, республикалық бюджет есебінен тұрғызылатын ғимараттарда әсіресе оңалту шараларына жіті көңіл бөлінбек.
Семейге ат басын бұрған министр алдымен Абай кітапханасында қоғам өкілдерімен кездесті. Онда медициналық қызмет сапасы мен жаңа нысандар салу жайы талқыланды. Сондай-ақ, болашақта елде 665 денсаулық сақтау нысаны салынып, 32 ауданаралық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізілетіні айтылды.

Қазіргі таңда Абай облысында 294 медициналық мекеме жұмыс азаматтарға қызмет көрсетеді. Оның 69 пайызы тозған. Ал 40 ауылда медициналық мекеме атымен жоқ. Дәрігерлері жоқ ауылдар да жетерлік. Министрдің сөзінше, алдағы 2 жылда Абай облысының 65 ауылына жаңа медициналық нысан салынады. Кездесу барысында Ажар Ғиният тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Бұдан кейін, Денсаулық министрі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журналистер ауылды жерлерде салынатын пунктерде қандай мамандар жұмыс атқаратынын және дәрігерлердің біліктілігін арттыруда қандай жұмыстар жасалатынына қатысты сауалдарын қойды.

Кездесу соңында денсаулық сақтау министрі келесі жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетінін айтты. Дәрігерлердің жалақысы 30% - ға, орта және кіші медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20% - ға көтерілмек.