Бүгін елдің қоғамдық саяси өмірінде маңызды, һәм тарихи оқиға - Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы мәреге жетті. Облыс бойынша 537 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның ішінде Өскеменде 122 сайлау учаскесі дауыс берушілерге есігін айқара ашты. Өз таңдауын жасағандардың қатарында жастар, көпбалалы ата-аналар, зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Өңірге танымал тұлғаларда маңызды шарадан шет қалмады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов №9 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Мұнда елдің ертеңіне алаңдап азаматтық көзқарасын танытқан халықтың қарасы көп болды. Аймақ басшысы сайлау учаскелеріндегі жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті. Өңірдегі сайлау учаскелері ашылғаннан бастап дауыс берушілер толассыз келді. Аймақтағы танымал тұлғалар да саяси науқаннан шет қалған жоқ. Олардың қатарында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Спортшы өзінің құқығын пайдаланып, таңдау жасау үшін №47 мектепте орналасқан №2 сайлау учаскесіне барды.

Елде өткізіліп жатқан сайлауға облыс орталығының тұрғындары бір кісідей ат салысып, айрықша азаматтық белсенділік танытты. Дауыс берушілердің арасында саяси науқанға алғаш рет қатысып жатқан азаматтар да болды. Оларға сайлау учаскесі атынан сый-сыяпат жасалды.

Қартайған шағында да ел тағдырына бейжай қарамай дауыс беріп жатқан өңір қариялары да бар. Солардың бірі - екінші дүниежүзілік соғыс ардагері – Құрмат Рахимов. Ол 1924 жылы 17 маусымда Күршім ауданы, Қызылтам ауылында дүниеге келген. Ғасыр жасаған ақсақал елі үшін маңызды кезеңнен шет қалып көрген емес. Бүгін ол № 21 сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады.

Азаматтық міндетіне үлкен ыждағатпен кіріскен тұрғындар ерте уақытқа қарамастан, ел ертеңіне өз дауыстарын беру арқылы атсалысты. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылған ағайын науқанға бейжай қарамай жауапкершілік танытты. Солардың бірі №32 сайлау учаскесінде ең бірінші болып дауыс берген Қазима Сүлейменова. 72 жастағы зейнеткер мемлекеттің жарқын болашағының кепілі болар сайлауға дұрыс ұстаныммен қараған жөн, екенін айтты.

Жалпы аймақта бүгін 500 мыңға жуық азамат өз таңдауын жасады.

Тұрғындардың басым бөлігі дауыс беріп үлгерді.