Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолда қалып қойған тұрғындарды эвакуациялады. Аталған дерек өткен тәулікте Глубокое ауданы, Сержиха мен Кіші Үбі өзендерінің қосылған тұсында  тіркелді. «Ниссан Патрол» мен «УАЗ» автокөліктерін тізгіндегендер қар құрсауында қалған. Көлікте 6 адам болған. Оның екеуі бала. Апатты жағдайға ұшыраған адамдарды құтқаруға мамандар жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» автокөлігімен аттанған. Жедел іс-қимыл нәтижесінде көмекке мұқтаж азамат жедел Өскеменге жеткізген. Демалыс базасына барған жолаушылар қайтар жолда тәулік бойы жауған қар құрсауынан шыға алмай қалған көрінеді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қыста жолға шыққан кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Дауылды ескертулер жарияланған кезде келетін хабарламаларға көңіл бөліп, «Дәрмен» қосымшасын пайдалануды ұсынады. Елдімекеннен ұзап, ұзақ жолға шыққан кезде автокөлікте дәрі-дәрмек қобдишасы, арқан, жылы көрпе мен термостағы ыстық шай, қосымша азық-түлік өнімдері болуы тиіс. Сондай-ақ жарықшамдар мен телефонды қуаттағыш құрылғылардын да ұмытпаған жөн. Міндетті түрде қосалқы дөңгелек, жөндеу жинағы мен апаттық тоқтату белгісін алып шығу керек. Осындай құралдар жиынтығымен сіз өзіңізге және басқа жүргізушілерге көмек көрсете аласыз. Бұл апатты жағдайларда өте маңызды. Ал қауіп төніп, төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.