Биыл мақта бағасы жоғары болады деген болжам ақталмады. Тиісінше, зауытқа өнімдерін өткізген дихандар әлі күнге дейін ақшасын ала алмай жүр. Үкімет отырысына келген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл проблема шешіледі деп уәде берді. Ал, әріптесі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын таныстырып, Үкіметтен мақұлдауын сұрады. Бағдарлама арқылы дәрігер тапшылығын жойып, тұрғындардың денсаулығына баса назар аударамыз дейді. Министрлердің жиынында тағы қандай мәселе көтерілді?

Ала жаздай төккен тер, еткен еңбек ақталмады. Оңтүстіктің халқы дамыл таппай өсірген "ақ алтынның" пайдасын қашан көреміз деп сабылып жүр. Тіпті кейбір ауданда мақтаның құны да нақтыланбаған. Бұл бейқамдыққа Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, әлемдік нарықта сұраныс аз болғандықтан, баға да төмендеді.


СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЖЕТІЛДІРУ КЕРЕК

Мақта, күріш секілді ылғал көп қажет ететін дақылдардың алаңдары қысқарып келеді. Министр бұдан еш ұтылмаймыз деген ұстанымда. Оның орнына пайдасы жоғары өнімдер егу керегін айтты. Себебі, ағынды су тапшылығы жыл өткен сайын қиын болып барады. Бұған көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелділік, қоймаларда су қоры аз жиналғаны және каналдардағы су шығынының жоғары болуы әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда суды үнемдеу технологиясын жетілдіру керек.


АУЫЛҒА БАРАТЫН МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫНЫҢ 3 ЖЫЛДЫҚ ТӘЖІРИБЕСІ БОЛУЫ ШАРТ

Ал, елдің бас дәрігері "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын таныстырып, мақұлдауды сұрады. Оған 217,7 миллиард теңге керек. Мұның ұтатын тұсы: медицина мамандарының тапшылығы жойылады. Ауылға баратын медицина мамандарының кемінде 3 жылдық тәжірибесі болуы міндетті. Сонымен бірге, оларға 1 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы беріледі. Медбикелер болса, қағазбастылықтан құтылады. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы бойынша аймақтарда 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарының құрылысы басталған.

Ажар Ғиният сондай-ақ, елде өлім-жітім көрсеткіші төмендегенін айтты. Жобаның оңтайлы тұсы көп екені айтылып, мақұлданды. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін назарда ұстауды тапсырды.