Бұған дейін аймақтағы үш бірдей ауыл шошқа фермасының қызметінен зардап шегіп отырғандығы туралы айтқан едік. Арнамызға хабарласқан ағайын, қаншама жылдан бері қолқаны жаратын жағымсыз иіске тұншығып, ферманы басқа жерге көшіруге бірде-бір құзырлы органның қауқары жетпейді, деп ашынған болатын.Ал  көктем шыға қар еріп, я жаңбыр жауатын болса, жануардан шыққан нәжіс тіпті елдімекендерге ағып кетеді. Оған қоса жағымсыз иіс жыл бойы ауыл ішінен кетпетін көрінеді. Таза ауамен тыныстаудан қалған тұрғындар жергілікті билік өкілдерінен де бірнеше рет көмек сұраған. Халық сұранысынан кейін құзырлы органдар биыл 28 сәуір мен 31 мамыр аралығында «Родничок» шаруа қожалығына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеріс барысы кезінде көң мен суспензия түріндегі мал шаруашылығы қалдықтары ауаның ластануына әкеліп соғатыны анықталды. Қожалық иесіне қатысты қандай шара қолданылды? Бұған дейін Өскемен қаласы мен Глубокое ауданының тұрғындары бірнеше рет жиналыс өткізіп, шошқа фермасының қызметіне көңілдері толмайтынын айтқан болатын. Аталған мәселе  бойынша мемлекеттік органдарға үндеу де жіберілген. Облыстың экология департаменті  «Родничок» шаруа қожалығына жүргізілген тексеріс жұмыстарының қорытындысын жариялады.
Ал, жыл сайын көктем басталысымен фермадан аққан жануар нәжісі еріген қар суымен ауыл ортасына жетіп, Үлбі өзеніне құятын көрінеді. Себебі, қожалықта оған арнайы орын қарастырылмаған. Салдарынан ауыл тұрғындары ауыз суды да пайдалана алмай отыр.Осы мәселеге қатысты тұрғындардар мен экология департаментінің талап-арызы оң шешімін тапты.

Дегенмен, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұл шешімі заңды күшіне әлі енген жоқ, өйткені жеке кәсіпкерліктің апелляциялық шағым беруге құқығы бар. Бірақ сот шешімі күшіне енген жағдайда «Родничок» шаруа қожалығы қызметін тоқтатуға міндетті. Бұдан бөлек,  аталған фактілер бойынша тиісті мекемеге жалпы сомасы 536 024 теңгеге айыппұл салынған.