Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің саммитіне қатысты. Бұл мемлекет басшысының сайлаудан кейінгі алғашқы жұмыс сапары. Сессияда әскери бірлестікті дамытуға қатысты тың ұсыныстар айтылып, Армения-Әзірбайжан арасындағы шиеленістен бастап, терроризмге қарсы күреске дейін талқыланды. Әрі ұйымның жаңа бас хатшысы тағайындалды. Бұл қызметті енді келер жылдан бастап Иманғали Тасмағанбетов атқармақ.
Қол алысып, суретке түскен соң ел басшылары алдымен оңаша кеңесті. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайта сайланған президент ретіндегі алғашқы жұмыс сапары.
Ал талқыға түскен мәселелердің ең негізгісі – Ұйым әскерін қандай жағдайда жұмылдыру керек? Соның нақты механизмдерін әзірлеп, алдағы уақытта солай әрекет ету. Өйткені қазір бұған қатысты түрлі түсінбеушіліктер көп дейді сарапшылар. Айтуларынша қаралы қаңтарда Қазақстанға келген альянс әскері, жүзден астам адам қаза тапқан Қырғыз-Тәжік шекарадағы қақтығысқа араласқан жоқ. Армения-Әзірбайжан Таулы қарабақ үшін қантөгіскенде де Никол Пашинян ұйым көмектеспегені үшін ренішін білдіргені есте. Тіпті бірлестіктен шығу жайлы сөздер де айтылған еді.
Армения-Әзірбайжан арасындағы шиеленісті реттеу альянс үшін басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Ұйымның бас хатшысы Станислав Засьтің айтуынша екі ел шекарасында әлі күнге дейін күнде оқ атылады. Қос тарап бір-бірін айыптайды. Мұның арты қайта соғысқа ұласуы мүмкін.
Ал сарапшылар Таулы Қарабақ дауына нүкте қоюға Қазақстан көмектесе алады деген пікірде.
Ұйым қырғыз-тәжік арасындағы қақтығысты реттеуге де атсалыспақ. Қазір қос ел де бірлестік құрамында бола тұра қырғи қабақ. Бұдан бөлек, Ауғанстанмен шекараны күшейту, экстремизм, терроризм, кибершабуылға қарсы күрес, ушыққан геосаяси ахуал, көлік, сауда секілді өзекті мәселелер сөз болды. Сондай-ақ сессия аясында ұйымның бас хатшысын ауыстыру жайы талқыланды. Бірлестікке мүше елдер басшыларының шешімімен 2023 жылдан бастап бұл қызметті Станислав Засьтің орнына еліміздің Ресейдегі экс-елшісі Иманғали Тасмағанбетов атқармақ.