Облыста жоғары технологиялық офтальмологиялық көмек жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде өңір дәрігерлері заманауи диагностикалық және микрохирургиялық технологиялардың көмегімен көздің қасаң қабығы патологиялары мен күрделі дерттерге жоғары дәлдікпен ота жасауда. Ең бастысы – тұрғындар енді мұндай ем алу үшін өзге өңірлерге немесе шетелдік клиникаларға жүгінуге мәжбүр емес. Мұндай заманауи емдеу тәсілдері науқастарға сапалы медициналық қызметті жергілікті жерде алуға мүмкіндік беріп отыр.

Клиниканың басым бағыттарының бірі – көздің қасаң қабығы ауруларын емдеу. Мамандардың айтуынша, заманауи технологияларды дер кезінде қолдану аурудың асқынуына жол бермей, науқастың көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары кератоконус дертіне шалдыққан науқастар санының артуы бұл бағыттағы жоғары технологиялық көмектің маңызын арттыра түсті.

Мирас Челекенев, офтальмохирург:

Біз Шығыс Қазақстанда алғаш рет интрастромальды сақиналарды имплантациялау және қасаң қабық коллагенін кросслинкинг әдісімен емдеу технологияларын енгізгенімізді мақтан тұтамыз. Бұл операциялар кератоконус дертіне шалдыққан науқастарға жасалады. Кератоконус – дер кезінде емделмесе, көру қабілетінен айырылуға дейін жеткізетін ауыр ауру. Өкінішке қарай, мұндай диагноз қойылатын пациенттердің саны жыл сайын артып келеді. Енді кросслинкинг немесе интрастромальды сақиналарды имплантациялау секілді жоғары технологиялық операцияларға мұқтаж пациенттердің барлығы қажетті емді өз клиникамыздың базасында толық көлемде ала алады.

Емханада медициналық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген хирургиялық технологиялар тұрақты түрде енгізілуде. Бұл операциялардың қауіпсіздігі мен дәлдігін арттырып қана қоймай, емдеу уақытын қысқартып, пациенттердің тезірек қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.

Зарина Камасова, Көз микрохирургиясы емханасының директоры:

Мен облыстың бас офтальмологы ретінде сенімді түрде айта аламын, мұндай деңгейдегі жабдықтар мен технологиялар өңірімізде басқа жерде жоқ. Біз әрдайым медициналық техниканы жаңартып отыруға тырысамыз, автокөліктер секілді – үнемі заманауи үлгілерге ауыстырамыз. Мысалы, сіздер көрген SmartSight лазерлік қондырғысы. Бұрын катаракта отасын жасау үшін аурудың асқынуын, көздің көру қабілетінің төмендеуін күтуге тура келетін. Ал қазір бұл операция 10–15 минутта жасалады. Техника өте дәл, барлық құралдар бір реттік қолданылады. Ең бастысы – науқас отадан кейін бірден қалпына келіп, көру қабілетін қайта алады.

Бүгінде Шығыс Қазақстандағы көз микрохирургиясы халықаралық деңгейдегі медициналық көмекті өңір тұрғындарына өз жерінде қолжетімді етіп отыр. Жоғары технологиялық емнің сапасы мен нәтижелілігінің арқасында клиникаға Қазақстанның өзге өңірлерінен ғана емес, шетелден де науқастар келуде. Бұл – өңір медицинасының әлеуеті мен кәсіби деңгейінің айқын көрсеткіші.

Аяулым Усинова