Елде жаңа Конституция заңды күшіне енді. Жаңартылған Ата заң мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Жаңа Конституция – жалпыхалықтық референдумда қабылданған ел еркін білдіретін тарихи құжат. Жаңартылған Ата заңда Конституцияның үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыру және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту негізгі қағидаттар ретінде бекітілді.
Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін де күшейтті. Бұдан бөлек, цифрлық құқықтарды қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интеллектуалдық меншік құқығы мен мемлекеттің заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу кепілдіктері енгізілді. Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің ауқымы кеңейтіліп, мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі қалыптасты. Елімізде заң шығару бастамасына ие Қазақстан Халық Кеңесі құрылып, мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты халықты тарихи оқиғамен құттықтап, Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ету мен конституциялық құндылықтарды қорғау жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір тұрғындарын жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Білім, ғылым, инновация және қоршаған ортаны қорғау салаларын дамытуға негіз болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қағидаты.
Жаңартылған Конституцияның күшіне енуі – Қазақстанның құқықтық жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Фатима Тілейханқызы