Жастардың қаржылық тәуелсіздігі – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде жас буын тек табыс табумен шектелмей, қаржыны тиімді басқаруға, жинақ жасауға және болашағын жоспарлауға басымдық бере бастады. Мамандардың айтуынша, қаржылық сауаттылық адамның ертеңгі экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан табыс пен шығынды жоспарлау, жеке бюджетті жүргізу және қаржылық мақсат қою дағдыларын ерте жастан қалыптастыру маңызды. 

Соңғы жылдары жастар арасында қосымша табыс көздерін іздеу, кәсіпкерлікпен айналысу және инвестициялау мәдениеті де кеңінен дамып келеді. Алайда сарапшылар қаржылық шешім қабылдамас бұрын білім мен тәжірибені арттыру қажет екенін ескертеді. Қаржылық тәуелсіздік – тек жоғары табыс емес, өз қаражатын дұрыс басқара білу. Ал қаржылық сауатты жастардың көбеюі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.

Ғалымжан Керімбек, экономика ғылымдарының кандидаты:

Әрбір азамат тапқан табысының 20 пайызын жоққа санау керек. Жалақы алған күні табысыңыздың 20 пайызын қорға аударып отыру керек. Ол қорға тимеу керек. Бұрынғы кезде ақша жинау тиімдірек болатын. Себебі біз салымдағы депозит ақшаны алу үшін қайтадан біз банкке баратын едік. Қазіргі кезде телефонды біз қосымша арқылы өзіміз басқарып отырамыз. Ақша қажет болған жағдайда не істейміз? Салымдағы ақшаны аламыз да пайдаланып қоя саламыз. 

Мамандар қаржылық тұрақтылыққа жету үшін жоғары табыс қана емес, қаржыны тиімді жоспарлау да маңызды екендігін айтады. Сондықтан бүгінде жастардың бір бөлігі қосымша жұмыс істеп, жеке бюджетін басқаруды үйреніп жүр. Ал енді бірі ерте бастан ақша жинап, білімге немесе болашақ жоспарларына инвестиция салуға басымдық береді. Алайда жастардың басым бөлігі қаржылық тұрақтылыққа жетудің негізгі жолы – тұрақты еңбек деп есептейді.

Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі білім беру бағдарламалары мен жобалар бүгінде қолжетімді. Сарапшылар мұндай бастамалар жастардың қаржыға деген жауапкершілігін арттырып, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатынын айтады.

Аяулым Усинова