Елде жаңа Конституция күшіне енді. Жаңа Ата Заң – азаматтардың құқықтары мен сот жүйесін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, құжатта цифрлық кеңістіктегі адам құқықтарын қорғау сияқты заманауи талаптар да ескерілген. Конституцияда білім беру, ғылым мен инновацияны дамытуға ерекше мән берілген. Бұдан бөлек, заңда «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі қағидаттары, «Заң және тәртіп» пен «Таза Қазақстан» бастамалары көрініс тапқан. Құжат қолданысқа енгізілген сәттен оның негізгі нормалары қоғам арасында кеңінен талқылануда.

Қоғам өкілдерінің айтуынша, жаңа Ата Заң азаматтардың ел өміріне белсенді араласуына кең мүмкіндік береді әрі қоғам үшін маңызды салалардағы жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар, Конституция құқықтық нормаларды ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың негізін құрайтын құндылықтарды айқындайтын маңызды құжат ретінде бағалануда.

Аяужан Әшімова, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрайымы:

Бұл құжат әрқайсымызға тікелей қатысты. Енді ол балаларымыздың қалай білім алатынын, кәсіпті қалай жүргізетінімізді, жалпы қоғамда қалай өмір сүретінімізді айқындайды. Маған «Халық кеңесі» арқылы қоғамдық қатысу мүмкіндігінің кеңейгені ерекше ұнады. Сондай-ақ, неке мен отбасы туралы баптарға енгізілген өзгерістерді құптаймын. Ана ретінде отбасының, ер мен әйелдің қоғамдағы рөлінің нақты айқындалуы мен үшін өте маңызды. Бұдан бөлек, еңбек қатынастарына қатысты өзгерістер де өзекті деп есептеймін.

Елена Березинская-Абилова, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

Енді экологиялық жауапкершілік күшейеді. Бұл әрбір қала және ауыл тұрғынының, мегаполистердегі азаматтардың қандай ауамен тыныстап жүргенін, экологиялық ахуалды жақсарту үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін білуіне мүмкіндік береді.