Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеп келе жатқан мәдени мекеме. Бүгінде мұнда мыңдаған тарихи жәдігер мен сирек экспонат сақтаулы. Сонымен қатар, музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа көрмелер ұйымдастырып, келушілерге танымдық бағдарламалар ұсынуда. Музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы тілші баяндайды.

Музей-қорықтың қаладағы қызметі үш бағыт бойынша жүзеге асады. Сол жағалау кешенінде этноауылдар орналасқан. Ал музейдің өзге бөлімдерінде қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен қатар, өңірді мекендеген түрлі этностардың тарихы мен мәдениеті кеңінен таныстырылады. Мұнда келушілер бірегей жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, Шығыстың бай тарихи-мәдени мұрасы туралы жан-жақты ақпарат ала алады.

Назым Рахиева, ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының бөлім меңгерушісі:

Қазақ этнографиясы бөлімі 1992 жылы құрылған. Яғни, ең бірінші бастапқы кезеңдер осы кезеңнен басталған. Сол кезеңнен бастап осы ғимаратта қазақ этнографиясына байланысты, қазақ тарихына байланысты басқа келушілерге, оқушыларға, студенттерге қазақ этнографиясының тұрмыс салтын, қалай тұрғанын, қалай, не қолданғанын - мысалы, ыдыстар, музыкалық аспаптар алдарыңызда тұр, киімдер, қандай киімдер кигенін - барлығын түсіндіру, көрсету, паш ету мақсатында осы ғимаратта қазақ этнографиясы жайлы керемет көрме құрылған. 

Мәдени мекеме өңірдегі этномәдени бірлестіктермен және Достық үйімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бірлескен көрмелер, танымдық кездесулер мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары музейге келушілердің қызығушылығы айтарлықтай артқан. Әсіресе жастар мен мектеп оқушыларының белсенділігі жоғары. 

Сәуле Талдыбаева, ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының бөлім меңгерушісі:

Біздің бөліміміз «Халықтар этнографиясы және аз санды этнотоптар» бөлімі деп аталады. Бұл орыс пен қазақ халқынан басқа ұлттардың этнографиясын зерттейтін бөлім. Соныдқтан біз бұл заттарды толтыру үшін этномәдени орталықтармен, достық үйімен жұмыс жасаймыз және қала халықтарымен жұмыс жасап, осындай жәдігерлерді іздеп, зерттеп, толықтырамыз. 

Бүгінде музей ұжымы тарихи-мәдени мұраны сақтау, толықтыру және зерделеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мұндағы әрбір жәдігер - өңір тарихының ажырамас бөлігі.

Кәусар Идаятқызы