Облыстық өнер музейінде суретші Александр Гореловтың «Алтайдағы Шамбала» атты жеке көрмесі ашылды. Көрермен назарына кенепке акрил бояуымен салынған отыз кескіндеме туындысы ұсынылды.
Көрмедегі барлық туындылар кенепке акрил бояуымен салынған. Картиналарда асқақ тау пейзаждары шынайы табиғат көріністері мен символдық бейнелермен астасып жатыр. Жартастардың бедерінен суретші жануарлардың сұлбасын көріп, көрерменді туған табиғатқа жаңаша көзқараспен қарап, оның терең мәнін сезінуге шақырады.
Александр Горелов, суретші:
Бұл мүсін Риддер қаласына жақын жерде орналасқан. Мұнда тастан жасалған әртүрлі мүсіндер бар. Кейбірі тасты қашап жасалса, енді біреулері жеке-жеке тастарды құрастырып қою арқылы жасалған. Бұл мүсін де сондай құрастырылған тастардан қаланған. Табиғаты көркем осындай әсем көріністің аясында орналасқан мүсін ерекше әсер қалдырып, көз тартарлықтай көрінеді.
Автордың үйреншікті табиғат көріністеріне деген өзгеше көзқарасы көрме келушілерінің ерекше ықыласына бөленді. Көрермендер суретшінің өзіндік қолтаңбасын жоғары бағалап, оның туындылары арқылы Шығыстың табиғатын жаңа қырынан танып, өзгеше қабылдауға мүмкіндік алғандарын атап өтті.
«Алтайдағы Шамбала» көрмесі – өңір табиғатын суретшінің көзімен көруге шақырды. Автор фойедегі пейзаждар арқылы жаңа мағыналарды ашып, тау мен тастың бейнесін келушілерге көркем образдар арқылы жеткізді.