Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қарқынды. Өскемен қаласының кәсіпкері -Андрей Жистовский мемлекеттен грант алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Оның өмір жолынан – сүйікті ісіне деген адалдық пен қайсарлықты көруге болады. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, табысты еңбек етіп, қоғамда өз орнын таба білді.
Андрей Жистовский ивент-индустрия саласында 18 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның бұл саладағы алғашқы қадамы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында Риддер қаласында басталған. Сол кезеңдегі көптеген жасөспірімдер сияқты ол мектептегі дискотекаларды ұйымдастырып, аудиокассеталар мен дискілер арқылы музыкамен жұмыс істеген. Кейін өзіне алғашқы CD-ROM құрылғысымен жабдықталған компьютер сыйға тартылып, музыкалық орталықтағы жазбаларды цифрландыруды меңгереді. Осылайша таныстарына арнап алғашқы музыкалық жинақтарын әзірлеп, Мәдениет үйінде диджей болып өнер көрсетіп, алғашқы табысын таба бастайды. Кейін «Журналистика» саласы бойынша жоғары білім алғанымен, денсаулық жағдайына байланысты мамандығы бойынша жұмысқа орналасудың оңай болмайтынын ерте түсінген.
Андрей Жистовский, кәсіпкер:
Мен жас кезімнен-ақ церебралды сал ауруына шалдыққан адамның жұмыс табуы оңай емес екенін түсіндім. Тіпті Өскеменнің өзінде қиын болса, Риддерде тіпті күрделі болатын. Сол кезде, шамамен 16 жасымда, менің жалғыз жолым – кәсіпкерлік екенін ұқтым. Мен шығармашылыққа жақын адаммын. Өлең жазамын, журналистика саласында да белгілі бір жетістіктерім болды. Бірақ бүгінде менің негізгі кәсібім – ивент-индустрия. Яғни, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қажетті жарық, дыбыс жабдықтарымен қамтамасыз ету, банкеттерді техникалық сүйемелдеу және осы бағыттағы қызметтерді көрсетумен айналысамын.
Кейіпкер үйлену тойлары, мерейтойлар мен ұжымдық кештердің музыкалық сүйемелдеуін қамтамасыз етіп, дыбысты реттейді, плейлисттер әзірлейді және дыбыс жазу қызметін көрсетеді. Оның айтуынша, сапалы іс-шараны өткізу үшін тыңғылықты дайындық пен заманауи, қымбат техникалық жабдық қажет. Кәсібін одан әрі дамыту қажеттілігі оны мемлекеттік қолдау тетіктеріне жүгінуге ынталандырған. Қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға өтінім қабылданып жатқанын естіген кәсіпкер арнайы оқудан өтіп, бизнес-жоспарын әзірлеп, жобасын сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде берілген грант қаражатына кәсібін кеңейтіп, жоғары сапалы дыбыс колонкаларын сатып алды.
Андрей Жистовский, кәсіпкер:
Маған хабарласып, жобамды қорғау күні белгіленгенін айтты. Белгіленген уақытта барып, жобамды қорғадым. Қорғауым небәрі екі минуттай ғана созылды. Басқалардың уайымдап, қобалжып жүргенін көрдім. Ал мен аса толқыған жоқпын. Тіпті грант аламын деп те қатты үміттенбедім. Бірақ бұл мен үшін маңызды еді. Егер грант бұйырмаса, қажетті құрал-жабдықты алу үшін несие рәсімдеуге тура келер еді. Ақырында мемлекеттік грантты жеңіп алып, қажетті кәсіби жабдықтарымды сатып алдым.
Биыл облыс орталығында 92 мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр. Әр гранттың мөлшері – 1 млн. 730 мың теңгені құрайды.
Аяулым Усинова