Адам өміріне араша болу – үлкен жауапкершілік пен жүрек жылуын талап ететін мамандық. Осындай жандардың бірі – аға мейіргер Забира Қашағанова. 43 жыл денсаулық сақтау саласында табанды еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне адал, жауапкершілігі мол азамат. Еңбек жолында мыңдаған науқастың сауығып кетуіне үлес қосып, кейінгі буын мейіргерлерге бағыт-бағдар беріп келеді. Оның тәжірибесі мен білімі жас мамандар үшін үлкен мектеп. 

Забира Қашағанова 43 жыл бойы бір ғана мамандықтың жүгін абыроймен көтеріп келе жатқан ардақты мейіргер. Таңның алғашқы шапағымен бірге аурухана табалдырығын аттап, талай жанның жанарына үміт ұялатқан, ауырғанға шипа, мұңайғанға демеу болған мейірім иесі. Уақыттың қатал сынын да, түнгі кезекшіліктің тынымсыз сәттерін де сабырмен еңсеріп, әр науқастың жағдайын жасап, қолынан келген көмегін аяған емес. Бұдан бөлек компьютер алдында отырып, талдау нәтижелерін мұқият зерделеп, көрсеткіштерді салыстырады, дәрігер тағайындауларын негізге ала отырып, қажетті дәрі-дәрмектердің уақытылы берілуін жоспарлайды. 

Забира Қашағанова, Ана мен бала орталығы көз микрохирургия бөлімінің аға мейіргері:

Қандай дәрі-дәрмек керек соларды қайсы бар қайсысы жоқ постағы медсестралар, тану кабинетінің медсестралары келіп айтады. Ертеңге осындай дәрі-дәрмек керек деп. Соны дайындап қоюымыз керек. Қайсысы бар қайсысы жоқ екенін біліп отыру үшін. Келесі жылға не керек соны біз алдын ала дайындай бастаймыз. Өйткені жылдың аяғында бізге жоспар бойынша не керек не жетпей жатыр, қандай аппараттар керек соларды алдын ала дайындай береміз. 
Забира Қашағанова тәжірибелі маман. Жастарға жол көрсетіп, білгенін үйретуден жалыққан емес. Сондықтан оның өз ісіне деген адалдығын әріптестері де жоғары бағалайды. 

Динара Макадилова, Ана мен бала орталығы көз микрохирургия бөлімі меңгерушісінің м.а.:

Забира Хамитовна өз ісіне өте адал. Жауапкершілігі, кәсіби біліктілігі өте жоғары адам. Әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Ұжымның ұйымшылдығын қамтамасыз етеді. Тек қана әріптестеріне ғана емес кішкентай пациенттерге де адамгершілікпен, жылулықпен қарап, сенім, ауруының жазылуына жол көрсетеді. Біз оны үлгі тұтамыз. 

Биыл Медицина саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында Забира Қашағанова да бар. Еңбегі еленген аға мейіргер «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты. 

Ұжымының сый-құрметіне бөленіп, отбасының сүйіспеншілігіне кенелген Забира Қашағанованың өмір жолы – адал еңбек пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Ол өмірден өз орнын тапқан, еңбегімен ел ықыласына бөленген, шын мәнінде бақытты жан. 

Салтанат Кеңесбекқызы