Жаңа технологияларды тиімді пайдалану заман талабы.Тіпті, кез-келген саланы сандық жүйесіз елестету мүмкін емес. Цифрлы бағдарламаларды қазіргі таңда кітапханалар да қызмет барысында жемісті қолдануда. Мұндағы қызметкерлер жаңа технологиялардың баланың ой өрісін дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай,кітапхана жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға септігін тигізіп келеді,дейді.
Рухани орда жаңа технологиялармен толығып жатыр. Кітапханада қазақи нақыштағы киіз үйдегі VR көзілдірік адамға әдемі көріністерді көрсетіп, дыбыс арқылы бейне бір оқиға орнында жүргендей ерекше әсерге бөлейді. Кітапхана қызметкерлері мұндай технологияларды рухани ордаға орнатудағы мақсатымыз балаларды ойынға үйрету емес, білім алуға, технологияны меңгеруге үйрету,дейді.
Бүгінде мұнда қаланың ескі көрінісінен бастап, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Оралхан Бөкейдің, сондай-ақ, көсемсөз зергері Мұхтар Әуезовтың, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның локациялары қойылған. Локациялардың барлығы арнайы бағдарлама арқылы жасалады.
Сондай-ақ балалар мұнда  кітап оқығаннан кейін ертегілер желісімен жұмыс жасауына да ден қойылған. Бұл мақсатта балалар әдебиеті бөлімінде мульт студия ашылған. Яғни мұнда балалар ертегілерді оқығаннан кейін сондағы кейіпкерлердің бейнесін ермексаз, немесе сурет салу арқылы, олардың іс-қимылдарынан бағдарлама арқылы мультфильм жасайды. Бұдан бөлек, кітапханада ерекше білім алу қажеттілігі бар санаттағы балалардың ата-аналарына көмекші құрал сенсорлы үстел де жұмыс істеуде.
Ал алдымызда келе жатқан жаңа жыл мерекесіне де кітапхана ұжымы тыңғылықты дайындық үстінде. Мереке күні оқырмандарға кітапхананың жаңа жылға сай безендірілген локациясын көрсетуді жоспарлап отыр. Бүгінде онымен кәсіби суретшілер жұмыс істеуде.