Өскеменде қазақ әдебиетінің оқыту әдістемесіне жаңалық әкелген, тіл мен әдебиетті ұштастырып, шәкірттерін үлкен жолға жетелеген ұстаз – Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада басталды. Республиканың әр өңірінен жиналған дарынды колледж студенттері Хан апаларының қасиетті жеріне келіп, қазақ тілі мен әдебиеттен білімдерін сынап көреді. Мұндай олимпиада облыс орталығында алғаш рет өткізіліп отыр.
Республикалық олимпиадаға әр облыстан келген 14 студент  қатысуда. Олар өз аймақтарында өткен кезеңде жеңіске жеткен колледж студенттері. Білім сайысы екі күн бойы өтеді. Бірінші күні жастар эссе жазады, екінші күні ауызша сұрақтарға жауап береді. Шараның негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру.
Атырау облысынан бағын сынауға келген Сабина  Ринатқызы олимпиадаға тыңғылықты дайындалған. Өз күшіне сенген студент жақсы нәтиже көрсетіп, ата-ана сенімін ақтаудан үмітті.
Саналы ғұмырын білім саласына арнап, жастарды тәлім-тәрбиеге жетелеген ұстаздың артында теңдессіз мол мұра қалды. Қанипа Бітібаеваның жетекшілігімен облыста алғашқы ғылым докторлары мен кандидаттары қанат қақты. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына өзіндік серпін беріп, жаңашыл ойларын енгізе білді. Қажырлы еңбек пен терең ізденістің арқасында таутұлғаның еңбектерін республика мектептері қолданысқа енгізген.
Еңбегі сіңген педагог, «Құрмет» Ордені мен КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Өмірғалиқызы Бітібаева - үздік ұстаз ғана емес, еліміздің ұлттық әдебиеті мен мәдениетін танытудың ең үздік тұлғасы. Бүгінде оның «мектебінен» өткен шәкірттерінің әрқайсысы рухани бай, қазақтың ұлттық мәнерін сақтаған ізетті қыздар мен батыл ұлдар. «Ол кісінің еңбегі, әдістемелік жаңалықтары болашақ үшін қажет»,- дейді ұйымдастырушылар.