Ұлтымыздың қоңыр әуенін сағынсақ,  ойланбастан қобыз аспабы еске түседі. Өйткені мұнда өзге аспаптарда кездеспейтін өзіндік үн құдіреті бар. Елде сапалы қылқобыз  жасаумен айналысатын шеберлер бірең саран. Қорқыт бабадан қалған құнды дүниені өмірге әкелетін шеберлердің бірі Өскеменде тұрады. Есімі –Петр Кручь.
Қобыз жасаудың хас шебері -Пётр Кручь. Ол 3 апта мен 4 ай аралығында сізге қоңыр үні ерекше ұлттық аспап жасап береді. Ал, қобызды шебер бар жанын салып жасайды. Қобызға деген құлшынысы ЖОО оқып жүргенде оянып, оны жан-жақты меңгере бастаған. Бүгінге дейін оның қолынан шыққан аспап тек аймақта ғана емес, Қазақстан бойынша сұранысқа ие.
Кейіпкерімізді қолөнерге алып келген Евгений Сабко екен. Ұстаз бен шәкірттің таныстығы өнер училищесінде басталған. Евгений Сабко шәкіртінің көңілін жықпай, шеберлік өнердің қыр-сырына баулиды. Петр Кручь уақыт өте скрипка жасауды да меңгереді. Өзінің айтуынша, ол осы сәтте өнерге деген құрметті тұңғыш сезінген. Еліміздің өзге де өңірлеріндегі өрелі шеберлерден көп сабақ алса да, ағаш өнеріне адалдықты алғашқы ұстазы бойына сіңіргенін айтады.
Қобыздың бабын табу да оңай болмай шықты. Оған қажетті материалды жас шебер сан тараптан алдырады. Мәселен, мінсіз аспапқа қажетті үйеңкі Украина жерінен жеткізіледі. Шығыс Сібірдегі Ангараны бойлай өскен шыршаларды да аттай қалап алдырады. Ал ысқысы мен құлағына жарайтын ағаштар Оңтүстік Шығыс Азия аймағынан әкелінеді.