Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны аяқталды. Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдегі басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова мәлімдеді.  
Егістік жинау науқаны облыста ойдағыдай жүргізілді. Қамбаларын алтын дәнге толтырған шаруалардың жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Жаз бойы еткен еңбек пен төккен тер зая кетпеді. Өңір бойынша 640 мың гектарға жуық алқаптан өнім жиналды.
Өңірде әр егістік алаңынан мол өнім алу мақсатында шаруаларды қолдау үшін түрлі мемлекеттік қолдаулар іске асырылуда. Тиімді қолдау шараларының бірі субсидия беру. Биыл аймақтың аграрилері 26 мың тонна тыңайтқышпен қамтылды.
Егін жинау науқанын нәтижелі, қамбаны алтын дәнмен толтыру үшін не істеу қажет? Әрине ең алдымен заманауи тегеурінді техника, білікті мамандар мен жауапкершілігі мол жұмысшылар құрамы қажет. Дәнді-дақылдар шикізатының сапалы болуы да маңызды рөл атқарады.Аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармасы аймақтағы қожалық иелерін биыл толықтай дәнді, дәнді-бұршақты дақылдармен картоптың тұқымымен қамтамасыз еткен.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін сақтауды 5 лицензияланған элеваторлар жүзеге асырады. Олар астықтағы ылғалды ретке келтіруге арналған қондырғылармен жабдықталған. Облыста бар элеваторлар, астық қабылдау пункттері және ауыл шаруашылығы құралымдарының меншікті қоймалары шамамен 1 миллион тонна астықты сақтауға мүмкіндік береді. Басқарма өкілдері атап өткендей, ағымдағы жылы егін жинау жұмыстарының қарқыны жалпы облыс бойынша өткен жылдың деңгейінде.