Өскеменде Халықаралық зағиптар күніне арналған шара өтті. Ұйымдастырушылар бұл күні аталған санаттағы азаматтармен жай ғана басқосу өткізіп қана қоймай, өмірден өз жолын таба білген қайсар жандар туралы да айтты.
Облыстық зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға шақырту алған ерекше жандар басынан өткерген оқиғалары мен өмір жолын баяндады. Олардың көпшілігі белсенді өмір салтын сақтап, шығармашылықпен айналысады.
Нұрлыбек Қадырғожин – мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Қазақстан Республикасының ең белгілі шахматшыларының бірі. Оның айтуынша, спорт оның серігі. Әсіресе шахмат оның сүйікті ісіне айналған.  Ол мінезді қалыптастырып қана қоймай, озық ойды жетілдіруге мүмкіндік береді, дейді.
Людмила Ганжина – түрлі концерттер мен  шараларда сұранысқа ие әншілердің бірі. Ол үйдегі шағын дыбыс жазу студиясында ән жазып, өзі өңдеу жұмыстарымен айналысады. Дәл осы музыка саласы оған жаңа достар табуға мүмкіндік берген.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған.