Аймақта халықты жұмыспен қамту бағытындағы жобалар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Биыл өңірде 28 мыңнан астам азаматты еңбекпен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 13 мыңнан аса тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте салалық басқарма өкілдері мәлімдеді.
Өңірде жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету бағытында бірқатар тиімді шаралар іске асуда. Биылдың өзінде мыңдаған адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылды. Бұдан бөлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары ұсынылуда. Бұл - халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етудің нақты жолы.
Досхан Қайрғазинов, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
Жұмыспен қамту шараларын халыққа жеткізу үшін - Жұмыспен қамту бағдарламасы да жүзеге асырылады. Бұл бағытта осы жылы субсидияланатын жұмыс орындарына 7 мыңға жуық адам жоспарланып отыр. Мұндай шараға биылғы жылы 6 млрд теңге бөлінді, қазір бұл қаржы мансап орталықтарына бөлінген, жоспар әр аудан бойынша жеткізілген.
Ал, түлектерге қолдау көрсету мақсатында облыста мансап орталықтары жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл орталықтар жас мамандарды еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарымен таныстырып, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі.
Арайлым Есімбекова, Облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:
Биылғы жылы бізде 8160 түлек біздің колледж бен ЖОО бітіреді. Біз әрбір түлек жайлы ақпаратты білеміз. Аудандар мен қалаларда бізде 13 мансап орталықтары жұмыс істейді. Осы мансап орталықтары әрбір өзінің бітіретін түлегімен жеке жұмыс жасайды.
Аймақта еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды жұмысқа тарту шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бастамалар түлектерге тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік беріп, өңірдегі кадр тапшылығын жоюға септігін тигізеді.
БЕКАРЫС СЕКЕН