Биыл облыста «Шығыс жұмыскер» атты жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба жылумен, сумен жабдықтау, су бұру, қоқыс шығару секілді коммуналдық қызмет көрсететін мемлекеттік қызметкерлерге қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында қолға алынған.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 26 маусым мен 11 шілде аралығында өңірдегі 20 коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлерінен байқауға өтінімдер қабылданды. Жиын барысында сол өтінімдердің ішінен 10 үміткер жоғары балл жинап, бағдарламаға қатысу құқығына ие болды.
Гүлназ Бауыржанова, Облыстық энергетика және түкш басқармасының бас маманы:
Бағдарламаның шарттарына сәйкес 20 млн-ға дейін несие алуға болады. Жылдық 5 пайызбен. Бастапқы жарна 10 пайыз. 19 жылға дейін несие беріледі. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 200 млн теңге қарастырылыған. Несие 20 млн теңгеге дейін берілгендіктен қазіргі уақытта 10 адамға шешім шығарылды. Қосымша өтпей қалған адамдар болса, бағдарламаның шарттарына сәйкес келесі адамдарға жолдама беріледі.
Бағдарлама «Отбасы банкпен» жасалған әріптестік келісім аясында іске асуда. Қатысушылар конкурстық негізде іріктелді. Құжаттарды әділ әрі ашық қарау мақсатында құрамында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, мәслихат депутаттары, еңбек инспекциясы, кәсіподақ өкілдері және «Отбасы банк» мамандары бар арнайы комиссия құрылды.
Марина Быкова, Облыстық мәслихат депутаты:
Комиссия құрамындағы мамандармен бірге жұмысшылардың еңбек өтілі, бірге тұратын балалар саны, отбасы мүшелерінде мүгедектік топтарының бар-жоғы, сондай-ақ қатысушының жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тіркелуін есепке алдық. Комиссия қорытындысы бойынша, ең жоғары балл жинаған 10 коммуналдық қызметкер анықталды. Оларға «Отбасы банкке» төлем қабілеттілігін растауға және жеңілдетілген ипотеканы рәсімдеуге жолдама беріледі. Егер негізгі тізімдегі қатысушы банк талаптарына сай келмесе, оның орнына резервтік тізімдегі азаматтар ұсынылады.
Галина Казанцева, Кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының ШҚОФ төрағасы:
Президенттің осы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – өте маңызды бастама. Коммуналдық сала мамандары күн сайын халықтың игілігі үшін қызмет етеді. Олардың атқарылып жатқан жұмысы, елеулі еңбектері қашанда бағалауға тұрарлық. Бұл бағдарлама осы салада жұмыс істейтін қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Өткен жылы осыған ұқсас «Шығыс маманы» бағдарламасы аясында 17 қызметкер баспаналы болған. Биыл бұл көрсеткіш арта түспек.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ