Еліміздің шығысы мен батысы және оңтүстігі сейсмикалық қауіпті аймақтар саналады. Бұл өңірлерде жер астында тектоникалық тербелістер жүріп тұрады. Сондықтан жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ететінін қарапайым халыққа түсіндіріп, тәжірибе жүзінде үнемі көрсетіп отыру керек. Айтып келмейтін апатқа күштік құрылымдардың дайындығы сақадай-сай болуы керек.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, облыс орталығында жер сілкінді. Салдарынан ондаған ғимарат қирап, адамдар зардап шекті. Тұрғындарды іздестіру шараларына қызметтік иттер, дрон жұмылдырылды. Осылайша, мамандар жер сілкінісі қаупі туындаған жағдайда, бірінші кезекте жүргізілетін шараларды пысықтады.

Мерей Шәріпханов, ШҚО ТЖД шұғыл кезекшісі:

Бүгін еліміз бойынша «Жер-2025» республикалық-командалық штаб оқу-жаттығудың аясында «Жер-2025» оқу-жаттығуы өткізілді.Өткізу барысында осы жергілікті атқарушы органдармен және ШҚО-ның қызметкерлері мен және де кинологиялық қызметкерлермен де бірлесе іс-қимылдар атқарылды.

Өрт сөндірушілер жағы жер сілкінісі салдарынан қызыл жалын шарпыған аумақта тілсіз жаумен күресті. Көпқабатты тұрғын үйден азаматтар қауіпсіз жерге жеткізілді. Ұлттық Ұлан сарбаздары апат аймағын қоршауға алып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Болат Нұрдыбаев, ШҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының басшысы:

Оқу-жаттығу аясында үйінді астында қалған азаматтарды іздестіру шаралары пысықталды. Төтенше жағдай тіркелген аумақтағы өрт сөндіріліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Іздестіру жұмыстарына кинологтар тартылды.

Бұдан соң азаматтар апат аймағынан қауіпсіз жерге көшірілді. Апаттар медицинасы орталығы далалық жағдайда алғашқы және шұғыл көмек көрсетті.

Наталья Дрожжина, ШҚО ТЖД кинология бөлімінің жетекшісі:

Біздің міндетіміз – үйінді астында қалып қойған азаматтардың бар жоғын анықтау. Олардың нақты орнын табу. Қызметтік ит - Зуа өзіне жүктелген міндетті сәтті орындады. Зардап шеккен азаматты бірден тауып, белгі берді. Кейін құтқарушылар зардап шеккен азаматты сыртқа шығарды.

Жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан бірінші дүмпу кезінде бекітілген іс-қимыл тәртібін пысықтап отыру керек, дейді сала мамандары.


Талант Тұрсынов