Аймақта эпизоотиялық жағдай тұрақты, қауіпті инфекциялық аурулар тіркелмеген. Биыл өңірге 3,3 млн доза вакцина жеткізіліп, 960 мыңға жуық мал егілді. Сібір жарасының алдын алуға да ерекше назар аударылып отыр. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Өңірде Сібір жарасының алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл - адам мен жануарға бірдей қауіпті ауру. Оның қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ жылдар бойы сақталып, аурудың алдын алуды қиындатады. Осы мақсатта биыл облыста 1 млн 373 мыңнан астам жануарға профилактикалық шара жүргізу көзделген. Қазірге дейін жылдық жоспардың 70 пайызы орындалған.
Рамиль Сағандықов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
Шығыс Қазақстан облысындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты және ветеринариялық қызметтің бақылауында. Аймақта аса қауіпті жұқпалы аурулардың ашық ошақтары тіркелмеген. Жыл басынан бері облыс аудандарына 3,3 млн доза ветеринариялық препарат жеткізілді, бұл жылдық көлемнің 70,4%-ын құрайды. Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 1,9 млрд теңге бөлінді.
Облыс аумағында 101 стационарлық пункт тіркелген, олардың барлығы заңнамаға сай ретке келтірілген. Ал, биылғы жылы мал өлекселерін көмуге арналған 9 жаңа орын салу жоспарлануда.
Рамиль Сағандықов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
Мал өлекселерін жою үшін облыста 157 мал қорымы бар, оның ішінде 41 типтік, қалғаны қарапайым. 2025 жылы тағы да 9 объектіні салу және бір инсинератор сатып алу жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары өңірде жұқпалы аурулар азайған. Мамандар індеттің алдын алу үшін тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.
БЕКАРЫС СЕКЕН