Биыл – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, кемеңгер философ Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Абай – қазақ даласына өркениет пен руханият нұрын шашқан тұлға. Оның мұрасы – ғасырлардан ғасырларға жеткен мәңгілік қазына. Ұлт ұстазының мерейтойы қарсаңында еліміздің кітапханаларында да тағылымды шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылған «Абай – кемеңгерліктің биік шыңы » атты көрме.

1845 жылы Семей өңірінде дүниеге келген Абай – ұлттық әдебиетті жаңа сапаға көтеріп, ел санасын оятуға бар ғұмырын арнаған. Қара сөздері – рухани мұнара, өлеңдері – ұрпаққа үлгі. Көрмеде Абайдың әр жылдары жарық көрген шығармалары, сирек басылымдар, ақынның өмір жолын баяндайтын фотосуреттер мен архивтік деректер қойылды. Бұдан бөлек, Абай туралы зерттеу еңбектер мен түрлі тілдерге аударылған кітаптар да көпшілік назарына ұсынылды.

Томирис Баязыкова, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкері:

Біздің көрмеден сіздер Абайдың шығармашылығын ғана емес, оның өмірі, абайтанушылардың туындылары туралы ақпарат ала аласыздар. Абай Құнанбайұлы қара сөзге өте мән берген. Ғылым, білім, философиялық көзқарастарын осы қара сөздерінен қарауымызға болады. Абайды әлемге танытқан ол Мұхтар Әуезов екені мәлім. Ол өзінің «Абай жолы» арқылы әлемнің түрлі бұрышына қазақ халқын, Абайды танытты. Яғни, осы кітап арқылы қазақ, неміс, орыс, қытай, араб тілдеріндегі басылымдарын біздің кітапханадан көрулеріңізге болады.

Кітапханада «Абай әлемі» кітаптар топтамасы қойылған бұрыш бар. Әдеби жоба облыс әкімдігінің қолдауымен 2018 жылы қолға алынған. Жоба аясында үш тілдегі Абай Құнанбайұлының шығармалары, қара сөздері, М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының орыс тіліндегі аудармасы, «Абайтану» бес томдығы, төрт кітаптан тұратын «Абай және ақын шәкірттер мұрасы» мен басқа да абайтанушылардың жеке кітаптары жарық көрді. Бүгінде Абай мұрасы тек Қазақстанда ғана емес, күллі түркі дүниесінде, тіпті Еуропа мен Азияда кеңінен насихатталып жатыр. Түркия, Ресей, Франция, Иран сияқты елдерде Абай ескерткіштері қойылып, шығармалары бірнеше тілге аударылды.

Катиза Сарипова, оқырман:

Қазақта мынандай сөз бар. «Тектіден текті туар, тексізден кім туады?» Міне, Абайдың шыққан жері текті жер. Оның әкесі Құнанбай қарадан хан аталған найзағай мерген болса, атасы Өскенбай қара қылды қақ жарған әділ би болған. Ал, бабасы Ырғызбай сонау қырғыз елінен өзінің Тобықты руын жаулардан қорғап, Шыңғыстау етегіне әкелген атақты батыр. Абайдың ілімі мәңгілік деп санаймын. Мына жастарға айтатыным, мынандай бай кітапханаға келіңдер. Білімді кітапханадан іздеңдер. Әсіресе, осы Абай тағылымын оқыңдар демекпін.

«Адам болам десеңіз…» – деп басталатын ұлы Абайдың өсиеті әлі күнге өзектілігін жойған емес. Кітапханадағы көрме – сол рухани қазынаның көрінісі.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ