Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Қытайлық компания өкілдерімен кездесті. Инвесторлар Зайсан ауданында табиғи газ өндіру жобасын жүзеге асыруға мүдделі. Бұл – өңірге шамамен екі миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға, өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Қытайлық «Funde Holding Group Co., LTD.» компаниясы энергетика саласында мол тәжірибесі бар. Әрі бірнеше жобаларды сәтті іске асырған. Инвесторлар жобаны жүзеге асырмас бұрын Зайсан ауданының климаттық, географиялық жағдайына және инфрақұрылымына талдау жасаған.

Чжу Хайма, «Funde Holding Group Co., LTD» компаниясының вице-президенті:

Біз Қазақстан нарығын ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастырамыз. Зайсан өңірінде табиғи газ өндіру жобасын іске асыруға мүдделіміз. Алдын ала жүргізілген талдау нәтижелері бұл жобаның іске асуына барлық негіз бар екенін көрсетті.

Кездесу аясында жүзеге асатын жобаның жоспары талқыланды. Жиынға бейінді басқармалар мен сарапшылар қатысып, пікірлерін ортаға салды.

Нұрымбет Cақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жобаның жүзеге асуы Зайсан ауданының тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, өңірдің табиғи газ өндіру әлеуеті артады. Ол өз кезегінде аймақ экономикасының дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Бүгінгі кездесу өңірді дамыту жолындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды қадамы.


Кәусар Идаятқызы