Өңірде экотуризм бағыты жылдан-жылға дамып келеді. Әсіресе, шығыстың шырайлы жері Марқакөлдің туризм әлеуеті артқан. Ауданға қарасты Ұрынқай ауылының саф ауасы мен тұмса табиғатын тамашалағысы келетіндердің қатары көп. Теңіз деңгейінен 3700 метр биіктікте орын тепкен Марқакөл қорығы – экологиялық туризмнің басты бағытына айналған.

Аудан орталығынан 57 шақырымдай жерде, Марқа көлінің шығыс жағасында қоныстанған Ұрынқай атты мекен бар. Соңғы жылдары ауылда экотуризм бағыты едәуір жандана түсті. Мұнда табиғатпен үндес өмір салтын ұстанатын саяхатшыларға арналған жайлы демалыс орындары бой көтерген. Бүгінде туристерге 10 шақты үй қызмет көрсетеді. Әрқайсысы күніне жүздеген қонақты күтуге қауқарлы. Ауыл жұрты да осы саланы табыс көзіне айналдырып отыр. Ерекше айта кетерлігі – Ұрынқайға елдің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдік туристер де тұмса табиғатта тынығуға ниет білдіруде.

Ғабдул Маутқанов, Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының қызметкері:

Соңғы жылдары туристердің келуі көбейіп келе жатыр. Енді осы Қазақстаннан, жан-жақтан келеді. Енді Маңғыстаудан келеді, Ақтаудан келеді, 1000 км өтіп. Шетелден, әртүрлі мемлекеттерден адамдар, Германиядан, Швейцарияны айтамыз. Тіпті Сингапур, Испания бар. Қазіргі уақытта міне осы Мақакөлге 300-ден артық туристер келіп кетті.

Марқакөлдің көркіне көз тоймайды. Жасыл желек жамылған орман, мөлдір көл мен биік таулардың аясындағы мекенге келген туристер таңданысын жасыра алмайды. Табиғатпен етене жақын болуға ұмтылған жандар экологиялық туризм нысандарын таңдайды. Қазіргі уақытта Ұрынқай жерінде түрлі қалалар мен шетелдерден демалушылар ағылып келуде. Сейітжан Мырзақұлов та – солардың бірі. Шығыс жеріне алғаш табан тіреген астаналық саяхатшы ерекше әсер алғанын айтты.

Сейітжан Мырзақұлов, саяхатшы:

Мен ойлаймын бұл Швейцариядан да жақсы ау деп. Өте тамаша! Өте керемет! Бұл жерде болмаған адам – мен білмеймін олар қалай өмір сүргенін. Бұл жерде міндетті түрде болу керек. Астанадан келдім мен. Мен осы жерге алғаш рет, бірінші рет келіп тұрмын. Бұл өте тамаша ұнады. Өте керемет! Мынаны енді сөзбен айтып жеткізу үшін Мұқағали Мақатаев сияқты болу керек шығар. Ол болмаса Сәкен Сейфуллин сияқты болу керек шығар. Мынаны простой мен сияқты адам сөзбен айтып жеткізе алмайтын шығар. Бұны келіп, көру керек., иісін иіскеу керек, дәмін тату керек. Сол кезде басқа әңгіме болады.

Өңірде кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған жандар да жетерлік. Туризм ошағына айналған Марқа жерінде кәсіп бастау – өте тиімді дейді, дәмхана иелері.

Малика Төкенева, жеке кәсіпкер:

Біздің дәмханаға келген қонақтардың бәрі біздің тамақты өте дәмді, өте жақсы, порциялары көп деп айтады. Келесі жылы бұйырса осы дәмхананы үлкейтіп, орынды көбейтейік деген мақсатымыз бар.

Ұрынқай ауылы – табиғи әлеуеті жоғары, туризмді дамытуға қолайлы өлке. Бағыты айқындалып, инфрақұрылым жүйесі реттелсе, болашақта мұнда шетелдік туристердің легі артады, дейді ауыл тұрғындары. Ең бастысы, жергілікті жұрт та бұл салаға бейімделіп, экотуризмнің жаңа мәдениетін қалыптастыруда. Табиғат аясында дамып келе жатқан туризм – экономикалық өсім, әрі жаңа серпін екені анық.


Дидар Ерболатқызы