«JASYL EL» – қоршаған ортаны қорғауға баулитын еңбек мектебі. Глубокое ауданында жазғы жұмыс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Жастар таңмен таласа тұрып, ел игілігі үшін қызмет етуде.
«JASYL EL» еңбек жасақтарының мүшелері Глубокое ауданында жаз бойы қоғамдық демалыс орындарын ретке келтіріп, көгалдандыру шараларына белсенді қатысып келеді. Осылайша жастар туған жердің көркеюіне үлес қосып жүр.
Лаура Нұрқасынова, Глубокое ауданының жастар ресурстық орталығының директоры:
Биыл Глубокое ауданы бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы аясында бізде 120 адамға квота бөлінді. Қазіргі таңда, 2 маусымда 56 жас еңбек етуде. Олар тоғыз ауылдық округте көгалдандыру, тазалық жұмыстарына тартылған.
Жастардың күнделікті атқаратын шаруалары қарапайым көрінгенімен, аудан келбетін өзгертуге үлкен үлес қосып отыр. Жұмысшы жастар табиғат жанашырларына айналып келеді.
Расул Жарқынбеков, «JASYL EL» жастар еңбек жасағының сарбазы:
Мен осы жұмыста бірінші жыл істеп жүрмін. Менің сыныптастарым тоже өте қызығады осы жұмысқа. Менде июньде досым істеді, августта тоже бір досым істейді. Егер мүмкіндік болса «Жасыл ел» бағдарламасына тағы келесі жылыда қатысушы едім.
Ксения Печуркина, «JASYL EL» жастар еңбек жасағының сарбазы:
Мен «Жасыл ел» бағдарламасына туған өлкемді көркейтіп, табиғатын қорғауға өз үлесімді қосу үшін қатысуды ұйғардым. Бұл жұмыс маған ең алдымен жауапкершілікті сезінуді үйретті. Сонымен қатар, мұнда көптеген жаңа достар таптым. Түрлі адамдармен араласып, қоғамда еркін қарым-қатынас жасауға үйреніп жүрмін. Маған бұл орта қатты ұнады, сондықтан келесі жылы да осы бағдарламаға қайта қатысқым келеді.
Өскелең ұрпақ туған өлкеге деген қамқорлықты іспен дәлелдеуде. Олар жұмыс барысында бір-бірімен тіл табысып, топ болып жұмыс істеуді үйреніп келеді. Бұл – тек еңбек қана емес, өмірлік тәжірибе. Сонымен қатар бос уақытты тиімді өткізудің жолы. «JASYL EL» еңбек жасағы – жасөспірімдерге тек табыс емес, тәрбие беретін орта.
Талант Тұрсынов