Марқакөл ауданына қарасты Қалжыр ауылында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды. Халық игілігіне берілмеген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қайта жанданып, клуб үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауданға барған әріптесіміз атқарылған жұмыс барысымен танысып қайтты.
Қалжыр жерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2021 жылы көктемде басталған. Десе де, жұмыс мердігер компанияның жауапсыздығынан уақытында аяқталмады, дейді ауылдық округтің әкімі. Бүгінде құрылыс жұмыстары қайта түлеп, ғимараттың негізгі бөлігі қаланып, 90 пайызы аяқталған. Қажетті құрал-жабдықпен қамтылған нысанды қыркүйекте ел игілігіне беру көзделіп отыр. Ауыл жастары алдағы уақытта кешенде күрес, волейбол, теннис және ұлттық ойын түрлерімен шұғылданатын болады.
Махамбет Омаров, Қалжыр ауылдық округінің әкімі:
Қазіргі уақытта осы шынығу бөлмесі біреу және қазіргі жастарға деген фитнес бөлмесін бөліп беру жоспарланып отыр. Және ерлерге, әйел адамдарға шешіну бөлмесі бар. Жеке-жеке жуынатын бөлмелер. Және де мекемеге айтып жатады ғой аға тренер деп. Соның бөлмелері. Қызметкерлерге бөлме. Барлық бөлме қарастырылған. Толығымен жаңа өздеріңіз көрдіңіздер. Сол стандартқа сай СЭС талаптарына сай жасалынуда.
Елдімекенде спорттық кешеннен бөлек ауылдық клуб үйі де күрделі жөндеуден өткен. Мәдениет ошағында аспан астындағы сахна салынуда. Ауладағы 500 шаршы метрге асфальт төселіп, клубтың сырты әрленді. Көрермен залы 150 орынға арналған.
Еркежан Ескермесқызы, Қалжыр ауылдық клуб үйінің меңгерушісі:
Марқакөл аудан болып бөлінгенімізге бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыттың ішінде ауқымды жұмыстар жасалып жатқанын көздеріңізбен көріп отырсыздар. Мына көк аспанның астында жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, халық пен мәдениетті қандай деңгейде екенін көтеріп жатқанын көрсету мақсатында осындай керемет жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көңіл бөлініп жатыр. Оның қасында біздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Қалжырда қолға алынған қос бірдей әлеуметтік нысан – ауыл тіршілігіне жаңа серпін бермек. Спорт кешені ел жастарының салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік ашса, мәдениет үйі – рухани жаңғырудың жарқын үлгісі. Құрылыс сапалы орындалып, заман талабына сай жаңғыртылып отыр. Ауыл жұрты аңсаған нысандар алдағы бір-екі айда толық іске қосылады деп жоспарланған.
Дидар Ерболатқызы