Өскеменде Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мемлекеттік тілді үйренушілер арасында «Тіл мен тәуелсіздік- егіз ұғым» атты облыстық байқау өтті. Байқауға өңірге қарасты аудандар мен қалаларда әр салада қызмет етіп жүрген мамандар қатысты. Шараны облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Шара елде «тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. Сайыс мемлекеттік тілді дамыту, қоғамда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді көздейді.
Байқауға өңірге қарасты аудандар мен қалалардан келген мемлекеттік тілді үйренуші азаматтар қатысты. Соның бірі - қазақ тіліне сүйіспеншілік танытып, курсқа енді ғана қатысып жүрген Ксения Беловалова. Ол мемлекетік тілді білу парызым, сол үшін де жұмыстан тыс уақыттары арнайы курстарға барамын, дейді.
Жарысқа кіл мықтылар келген. Барлығы да білсем, үйренсем деп жүрген белсенді мамандар. Осындай жарыстың бізге берер пайдасы ұшан теңіз, себебі қазақ тілін үйренмін деушілерге бұл байқауда үлкен демеу көрсетіліп отыр, дейді шараға қатысушы Константин Левин.
Байқауға қатысушылардың дені өзге ұлт өкілдері. Қазақ тілі курстарына қатысып, тілдерін жетілдіріп жүрген мамандардың деңгей көрсеткіші А1 дәрежесінде болса да, байқаудың кезеңдерінен мүдірмей өтті. Көрермендердің ыстық ықыласына да бөленді.
Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынды Ұлан ауданынан келген Виктория Литвина иеленсе, 2-орын Риддер қаласының намасын қорғаған Вероника Тайсумоваға бұйырды. Ал 3-орынды Алтай ауданынан келген Константин Левин мен Катонқарағайлық Валентина Гладкова місе тұтты. Байқау қатысушылары алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.