Өскеменде жыл сайынғы дәстүр бойынша Президент және облыс әкімінің шыршасы өтті. Думанды шараны тамашалауға аймақтың түкпір-түкпірінен 450 бала жиналды. Мерекеде ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге тамаша көңіл күй сыйлап, әртүрлі сыйлықтар үлестіріп, қуаныштарын еселеді.
Жаңа жыл мерекесіне сай безендірілген ғимарат ішінде ән әуелеп, күй күмбірелді. Шаттықтың шанағы басылып, өнерлі балапандар мың бұрала биледі. Бұл қуанышты күнді бүлдіршіндер ұзақ күтті. Себебі пандемия салдарынан соңғы екі жылда мұндай шаралар онлайн форматта өткен еді.
Мерекелік шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасынан шыққан бүлдіршіндер, үздік оқитын, республикалық және халықаралық олимпиадаларда, спорттық жарыстарда жетістікке жеткен балғындар келді. Соның бірі – Нұрлан Сайлауов. Сонау Тарбағатай ауданынан келген бүлдіршіннің қуанышында шек жоқ. Ол шыршаға тиянақты дайындықпен келгенін жеткізді.
Ал облыс әкімі атынан балаларды құттықтауға аймақ басшысының бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев келді.
Мерекелік кештен құр қол қайтқан ешкім жоқ. Барлық балаларға сый-сияпат таратылды. Мемлекет басшысы және облыс әкімінің атынан әр балаға 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.