Қазіргі таңда облыс орталығында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін қазақ тілді мамандар тапшы. Бұл мәселені шешу үшін аймақта ілкімді жобалар  қолға алынған. Солардың бірі – қалалық орталық кітапханада ашылған, тегін қызмет көрсететін бөлім.
Орталық қалалық кітапханада сөйлеу тілі бұзылған балаларға толыққанды логопедиялық жұмыс жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Мұндағы орталықта арнайы бөлім ашылып,білікті мамандар тартылды. Бұл жерде балалардың қызығушылығын ояту үшін әдістемелік сабақтар да өткізіледі. Кітапханада сенсорлы жүйе орнатылып, дидактикалық материалдар қазақ тілінде әзірленген.
Бұдан бөлек, балалардың танымдық қасиетін қалыптастыру үшін робототехника бөлімі ашылған. Кітапханада IT курстарының бірден бірнеше бағыты жүзеге асырылады. Қазір үйірмеге жазылып, қызығушылық білдіріп жатқандар қатары көп.
Захар Кондрашенко робототехника үйірмесіне қатысып жүргендердің бірі. Осы уақыт ішінде ол арнайы жүйемен модельдеуді игеріп, құрама роботтарды жасауды меңгерген.
Кітапханадағы маңызды бөлімнің бірі- сөйлеу қабілеті бұзылған балалармен жұмыс бағыты.  Балалармен тығыз жұмыс жасау үшін бөлімге заманауи инновациялық технологиялар енгізілуде. Орталықта қазақ тіліндегі «Сенсорлық үстел» жұмыс істейді.