Жеткіншектердің қабілеттерін арттыруда үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше. Жас техниктер станциясында өнертапқыш балалар авиамодельдеу сабақтарына қатысып, техниканың қыр-сырын меңгеруде.  Мұнда олар қиялдарын шыңдап, инженерлік қабілеттерін дамытады. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың да үйірмеге қатысуына жағдай жасалған.
Жас техниктер станциясында түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Болашақта ұшқыш болуды армандайтын Сүлейман Гайлаев қазіргі уақытта ұшақ модельдерін жасауды меңгеріп жүр.Бірнеше жарыстарғада қатысып үлгерген. Ол жақында өткен қысқы турнирде  топ жарды.
 Ал Владислав Ляховский колледж студенті. Жас өрен жиһаз жасаушы мамандығында білім алып жүргендердің бірі. Ал бос уақытында авиамодельдеу үйірмесіне келіп, әуе көліктерінің модельдерін жасайды.
Үйірме жетекшісі – Сағындық Жұмағалиев. 20 жылдық еңбек өтілі бар білікті маманның түлектері арасында қазіргі уақытта кәсіби ұшқыш пен авиаинженер атанғандар да бар.
Облыс орталығында аталған үйірмеге сұраныс жоғары.  Жас жеткіншектер білімдерін шыңдап, түрлі сайыстарда бақ сынап жүр. Байқауда олар өздерінің жаңа өнертабыстарын көрсетеді.