Биыл "Бір ел-бір кітап" республикалық акциясы аясында белгілі драматург, жазушы, қоғам қайраткері - Төлен Әбдіковтің шығармаларын оқу бекітілген. Осыған орай қала кітапханаларының бірінде «Адалдық пен адамдық парасатының шебері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау. Оқу ісін ілгерілеу және рухани мұрамызды сақтау. Сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
Жазушы Төлен Әбдікұлы 1942 жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Айса Нұрманов шаруашылығына қарасты Көлқамыс ауылында дүниеге келген. Еліміздің егемендігін бекітіп, тілін, дінін, мәдениетін өркендетуге сүбелі үлес қосқан.
Көрмеге Төлен Әбдіковтің көптеген шығармалары қойылған. Оқырмандар автордың «Оң қол», «Парасат майданы» сынды шығармаларымен таныса алады.
Төлен Әбдіков өз шығармаларында өмірді оның қайшылықтарымен, адами қатынастардың күрделілігімен жеткізуге тырысады.