Биыл 1 шілдеге дейін тұрғындар көппәтерлі үйлерді басқару формасын таңдап, қызмет көрсетуші бірлестікпен тиісті келісімшарт жасасуы тиіс. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша энергетика және Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы мәлімдеді.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, «Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу» реформасын енгізу 2020 жылы басталған. Алайда басқарудың жаңа форматын таңдау мен қолданысқа енгізу тұрғындар тарапынан жүйелі негізде іске аспай отырғандықтан, біраз уақытқа созылып кеткен.  
Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысанына көшу мәселесі бүгінде өзекті. Сондықтан құзырлы министрлік мүлік иелері  бірлестігін рәсімдеу ережелеріндегі өзгерістер мен жаңашылықтарды қарастыруда. Жаңа реформа көп қабатты үйлердегі шаруашылық жұмыстарды жүргізетін қызмет көрсетуші бірлестік пен тұрғындар арасындағы құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған.