Облыс әкімі Даниал Ахметов қала және аудан әкімдерімен білім және денсаулық сақтау мәселелері, атап айтқанда, бірқатар нысандардың құрылысы бойынша кеңес өткізді. Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жақында ауылдық жерлерде 36 жаңа медициналық мекеменің құрылысы басталады.
Алдағы уақытта облысқа қарасты ауылдар мен елдімекендерде 36 жаңа фельшерлік пункт, отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтереді. Қазірдің өзінде барлық жобалардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, тиісті сараптамадан өтті. 14 жобаға тендер жарияланды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы қатерлі ісік пен басқа да ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін облыстық хирургия және онкология орталығының жанынан салынатын ғимарат құрылысын бақылауға алған. Ең басты алғышарт – пациенттердің жайлы орналасуларына қолайлы жағдай жасау. Осы орайда өңірдегі әлеуметтік саланың даму барысы мен алдағы уақытта салынатын жаңа нысандар  туралы тұрғындардың пікірін сұрап білген едік.
Тағы бір маңызды мәселе білім беру саласын дамыту. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста республика бойынша бірінші болып 10 білім беру мекемесінің құрылысы басталды. Олардың бесеуі – Өскеменде, Шемонаиха мен Риддер, Белоусовка, Опытное поле мен Прапорщиково ауылдарында 1 мектептен бой көтереді.
Атап өтелік, бұған дейін облыстық білім басқармасы 2025 жылға дейін облыста 7570 орындық 20 жаңа мектеп салынатынын хабарлаған болатын.
Сонымен қоса облыстық бюджет есебінен тағы  да 7 білім нысаны бой көтермек. Бұл Зайсанда, Тарбағатай ауданына қарасты Шыңгелді елдімекенінде, Жаңа Бұқтырма және Үлкен Қаратал ауылдары мен Риддер, сондай-ақ облыс орталығында салынатын екі мектеп.