2023 жылдың наурызынан  бастап жеке тұлғалар өздерін банкрот деп жариялауға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, ел ішінде жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Осыған орай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері салық заңнамасына енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар бойынша семинар өткізді.
Семинар барысында салық төлеушілерге жалпыға ортақ декларацияның екінші кезеңіне өту барысы қалай жүзеге асатыны айтылды. Наурыз айынан бастап жүзеге асатын жеке тұлғалардың өздерін банкрот деп жариялаудың шарттары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Салық заңнамасына енгізілген басқа да жаңашылдықтар туралы сөз болды.
Ал келесі жаңашылдық жеке және заңды тұлға, резидент емес тұлғалардың табысынан жеке табыс салығын ұстап қалу кезінде есептелетін дивидендтік төлемге қатысты. Мәселен осы жылдан бастап жеке тұлғалар үшін дивидентік төлем мөлшері өткен жылдағыдай 5% емес, 10% деп бекітілген. Сондай-ақ, арнайы салық режиміндегі өзгерістерге байланысты бөлшек сауда салығы белгіленген қызмет түрлеріне ғана қолданылатын болады. Жауапты мамандар көпшілікті толғандырған оңалту және банкроттық туралы заңнаманың басты талаптарын айқындап берді.  
Банкроттық рәсімінен өткен азаматтар үшін бірқатар шектеу бар. Бұдан бөлек, қасақана және жалған банкроттық үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылған. Бұдан былай қолданысқа енгізілетін заңнама шарттары банкрот деп танылған тұлғаларға несие беретін қаржы ұйымдарының да жауапкершілігін көздейді. Егер заңға сәйкес тіркелмеген банк немесе несиелеу мекемесі болса, реттеуші оған лицензияны тартып алуға дейінгі талаптар қоя алады. Мамандардың сөзінше, жалпы банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға қарыз жүктемесінен арылуға және белсенді экономикалық қызметті бастауға мүмкіндік береді.