Өңірде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтайтын «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылды.  Жүйе көше камераларына талдау жүргізіп, жақын маңдағы полицейдің планшетіне құқықбұзушы туралы ақпарат береді.
Өткен жылдың сәуір айынан бастап пилоттық режимде «Қорғау – қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғалары мен заң бұзушылардың санын азайту.
Жедел басқару орталығындағы полиция қызметкерлеріне бейнебақылау камераларына түскен тәртіп бұзушы көлік туралы ақпарат келіп түседі. Атап өтсек, жаңадан енгізіліп жатқан бағдарлама темір тұлпарын жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз жүргендерді бірден анықтайды.
Қала бойынша 1228 бейнебақылау камерасы бар. Өскемен қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Салауат Шәкіровтың айтуынша, бір тәулікте бекітілген талапты бұзудың 15-20 дерегі анықталады.
Бүгінде  «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы тәртіп бұзған 1665 көлік тіркелген. 66 млнға жуық айыппұл өндірілді. Оның ішінде, жалған нөмірмен көлік тізгіндеген 76 жүргізу анықталды. Жол-қозғалыс ережесін бұзғандарға қатысты 5948 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жол-көлік оқиғаларынының алдын алуда бұл жүйенің маңызы зор. Атқарылып жатқан шаралар жол ережесін тиімді бақылауға, бекітілген қағидатты сақтауға бағытталған. Мұндай тәжірибе жуырда елдің барлық өңірлерінде жүзеге асырылмақ.