Өскемен қаласының тұрғынынан жарты келіден астам гашиш тәркіленді. Ер адам үйінде гашиш, кептірілген марихуана және қарасора тұқымын сақтаған. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ертіс полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі сақтаған деген күдікпен қала тұрғынын ұстады. Жеке тінту жүргізу кезінде ұсталған адамның қалтасынан спецификалық иісі бар қоңыр-жасыл түсті ұнтақ түріндегі зат оралған 2 қағаз ораманы және трамадолдың 1 пластинкасын тауып  алған. Күдіктінің тұрғылықты жерін мұқият тінту барысында жедел уәкілдер полимер орамалардағы ұнтақ түріндегі заттарды, өсімдік тектес заттар мен тұқым салынған орамаларды тапқан. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберген. Нәтижесінде күдікті үйде 534 грамнан астам гашиш пен 9 граммға жуық кептірілген марихуананы сақтаған. Ал орамдағы тұқымдар «қарасора» тұқымдас өсімдіктің жемісі болып шыққан. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен  сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіні үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.