Мемлекет тарапынан балалар шығармашылығын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Жастардың өнер, білім, мәдениет саласындағы алғашқы қадамдары көңіл қуантады. Сондай дарындылардың бірі-Ералы Пазылбекұлы. Облыстық Пушкин атындағы кітапханада жас өренттің тың туындысы «Ералының ертегілері» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Дарынды жастың алғашқы кітабының тұсаукесеріне жиналған қауым ақжарма тілектерін жолдап, қошеметтерін білдірді. Кешке қатысқан аға буын өкілдері Ералы Пазылбекұлын құттықтап, балалар әдебиетіне ден қойған үлкен талабын қолдайтындықтарын жеткізді.
Ералы Пазылбекұлы Өскемен қаласында дүниеге келген. 4 жастан бастап әріп танып, кітап оқи бастаған зерек бала қатарының алды, оқу озаты. Қазіргі уақытта 4 сыныпта оқиды. Дарынды балалар арасында өткен бірнеше республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып үлгерген. Көпшілікке таныстырылған «Ералының ертегілері» атты алғашқы жинағына бала қиялынан туған ойлы да әсерлі шығармалар енген.
Ертегілер жинағынан «Ғажайып саяхат», «Кітаптар мұңы», «Судың да сұрауы бар», «Айымның қателігі..», «Үшінші бала», «Екі дос», «Жанашырлық», «Көгершіннің балапандары», «Менің әпкем» сияқты ертегілерді оқуға болады. Ералы Пазылбекұлы мектептегі өзі сияқты балалардың қызық та әрқилы өмірлерін, әпкесінің балалық шағын, ел тарихын, сонымен қоса бүгінгі экологиялық проблемаларды да шығармаларына арқау еткен екен.