Демалыс күндері Өскеменде дәстүрлі ауыл шаруашылық  жәрмеңкесі өтті. Өнімдер әдеттегідей нарықтағы бағадан анағұрлым төмен. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өнім, қолжетімді бағамен Катонқарағай ауданы қуантты.
Облыс әкімдігінің кестесіне сай  Катонқарағай ауданының  13 ауылдық округінің кәсіпкерлері табиғи таза өнімдерін саудалады. Жәрмеңкедегі басты ерекшелік – мұндағы бағаның нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмендігі.
Бұл Катонқарағайлықтардың биыл өткізіп отырған алғашқы жәрмеңкесі.
Келген кәсіпкерлердің бірқатары жәрмеңкеге ірі қараның еті мен ақ тағамдарды саудаға қойған.Сондай-ақ, ауданның ерекше өнімдері балдың да түр-түрі ұсынылды.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шараларды өткізу, тауар өндірушіге де, тұтынушыға да өте тиімді. Айта кетейік, ауылшаруашылық өнімдерін дәл осындай форматта ұсыну қалада дәстүрге айналған.