Өскеменге мамандардың қатысуымен шетелдік мұрағаттан табылған бірегей құжаттар жеткізілді. Сирек кездесетін құнды құжаттар мен карталар өңір тарихынан сыр шертеді. Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін архивте сақталған құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы туралы келесі бейнематериалда.
Мұрағат – өткен өмірдің айнасы. Ғасырлар бойы шетелдік мұрағатта болған 1718 жылғы картаның көшірмесі қалың жұртшылыққа алғаш рет көрсетіліп отыр. Құжат көне тарихты көрнекі түрде көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, картаның жасалуындағы сапа ерекше. Сондай-ақ бұл мұра көптеген қызықты және пайдалы ақпаратты қамтиды.
18 ғасырда біздің өлкеде нағыз алтын тасымалының кезеңі болды. Мұрағаттардан табылған көптеген құжаттар осыған дәлел. Бұл І Петр патшаның майор Иван Лихаревке алтын іздеуді күшейтуді бұйырған жарлығының көшірмесі.
Бірегей құжаттар мамандарға өткен тарихтың талай жұмбағын ашуға септігін тигізді. Сондай-ақ, өлкеміздің бұрын беймәлім болған сырларына қанық қылды.