«Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» КеАҚ ғылыми-зерттеу зертханалары мен құзыреттілік орталықтарында БАҚ өкілдеріне пресс-тур өткізді.Тілшілер қауымына жоғары оқу орнының соңғы технологиялық жетістіктері, соның ішінде құзірет орталықтары мен зертханалары, студенттердің сапалы білім алуына арналған дәрісханалары таныстырылды.
Техникалық кәсіптік білім беретін ғылым шаңырағы соңғы жылдары елеулі жетістерге жетіп отыр. Семей медициналық университетімен ынтымақтастық аясында медициналық құрылғылар, адамның иық сүйектерін байланыстыратын пластиналар жасау қолға алынып, сынақтардан нәтижелі өтуде. Бұдан бөлек титан ұнтақтарынан адам омыртқасының элементтері де дайындалады. Мұндай күрделі жұмыстар университет қабырғасында ұйымдастырылған құзіреттілік орталықтарының жемісі. Оқу ордасындағы "Smart engineering" орталығының ғалымдары қазіргі уақытта екі грант бойынша жұмыстар жүргізуде. Бірі өндірістік сектор консорциуымы бойынша жүргізіліп жатқан жоба. Бұл жоба аясында университет “Майлы дақылдар тәжірибелі шаруашылығы” ЖШС мен “Қостанай агромеханикалық зауыты” ЖШС мен иық тіресе жұмыс атқарады.Екінші грантты Дүниежүзілік банк пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынып отыр. Жоба инжинирингтік қызметтер көрсетуді көздейді. Грант талабы бойынша «Smart engineering» құзірет орталығы құрылып, машина құрастыру бағыты бойынша қызметтер реті жүйеленуде.Университет қонақтарына бұдан бөлек “Физика орталығы”, Автоматтандыру және мехатроника, Виртуалды және қосалқы шындық, «VERITAS» орталығы, Геология және тау-кен ісі құзірет орталықтарының, “Алтын Алтай” мұражайының жұмыстары түсіндірілді.